БҰҰ Бас ассамблеясы Ресейден "күштеп әкетілген" украин балаларын "дереу, қауіпсіз әрі шартсыз" қайтаруды талап ететін қарар қабылдады. Құжатты 91 ел қолдады: арасында АҚШ, Еуроодақ елдері, Австралия, Жапония, Ұлыбритания, Оңтүстік Корея бар.
12 ел қарсы болды: Ресей, Беларусь, Куба, Солтүстік Корея, Мали, Судан қарсы дауыс берді. Тағы 57 ел қалыс қалды, арасында Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан бар.
Құжатта балаларға идеологияны таңбау, оларды отбасынан айырмау сияқты Ресейге бағытталған үндеу де бар. Украина сыртқы істер министрінің орынбасары Марьяна Бецтің сөзінше, Ресей 20 мыңға жуық украин баласын депортациялаған, кейбірін Киев қайтара алған.
Қарарға дауыс беруге дейін Ресей өкілі Мария Заболоцкая сессия "украин дағдарысын бейбіт реттеу процесіне" кедергі келтіруді мақсат етеді деп мәлімдеді. Ол құжаттың өзін "Ресейдің балаларды депортациялағаны туралы нарративті" алға тартады, ондағы "20 мың бала деген көрсеткіш" дәлелденбегенін айтты.
Украина билігі Ресейді басып алынған аумақтағы украин балаларын алып кетті деп айыптаған. Киевтің мәліметінше, 2022 жылдан бері 19,5 мың бала депортацияланған, 1605-і қайтарылған.
Дәл осы жағдай Халықаралық қылмыстық соттың Ресей президенті Владимир Путин мен Ресейдің балалар омбудсмені Мария Львова-Белованы тұтқындауға ордер беруіне себеп болған.
Ал Ресей билігі балаларды ұрламағанын, оларды қауіпсіз жерге әкеткенін айтқан.